CaspianLife, 17 наурыз — Жылыой жерінде жұмыс істеп жатқан «Қожан» акционерлік қоғамы 5 отбасыға үй алып берді. Оларға мұндай ұсынысты кездесулердің бірінде қоғамдық кеңес мүшелері айтқан, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News арнасына сілтеме жасап.
Компания басшылығы мұны жерге тастамай, қолдай кетіпті. Нәтижесінде қаржы бөліп, бірнеше жанұя Құлсарының орталығынан баспаналы болды. Солардың ішінде көп балалы Мөлдір Мақсотқызы да бар.
«Осы үйді алуға атсалысып жатырған ағаларымызға-апаларымызға көп көп рахмет. Алла разы болсын, осы 8 баланың несібесі. Алғысым шексіз. Берекесімен берсін. Өте қуаныштымыз. Әр баланың өз несібесі деп ойлаймын. Шынымды айтсам қатты толқып тұрмын», — дейді аудан тұрғындарының бірі Мөлдір Мақсотқызы.
Пәтерге мұқтаж жандарды арнайы құрылған комиссия мүшелері іріктеген. Ал оларға қажетті тізімді аудандық әкімдік беріпті. Компания басшысы алдағы уақытта да көмекті қажет ететін жылыойлықтарға қол ұшын созамыз дейді.
«“Қожан” АҚ Атырау өңіріндегі аса бір ірі компания саналмайды. Бірақ шамамыз келгенше осындай игі істерді жасауға атсалысамыз. Мүмкіндігіміз болып жатса, болашақта да біз осындай қайырымдылық жасауға тырысамыз», — деді «ҚоЖан» АҚ бас директоры Жанг Ву.
Қазіргі кезде ауданда 2000-нан астам адам үй кезегінде тұр. Биыл Құлсары қаласындағы көпқатарлы үйлердің құрылысы аяқталса, кезектегі 300 адам баспаналы болмақ.