CaspianLife, 16 наурыз — Ақтауда есірткі сатумен айналысқан азамат 10 жылға сотталды, деп хабарлайды Caspian Life.
Айыпталушы былтыр 2 қарашада қалалық мешітте есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталған еді.
Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 1 ақпанда аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деп айыпталған сотталушыға қатысты үкім шықты. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Тексеру кезінде өзімен бірге алып жүрген қораптың ішінен SESS желдеткіш жылытқышы табылды. Құрылғының ішінде «меткатинон» заты болған. Меткатинон – құрамында эфедрин бар препараттардан жасалған аз ғана уақытқа әсер ететін стимулятор.
Күдікті сол уақытта қонақүйлердің бірінде тұрақтаған. Оның бөлмесін тінту кезінде аса көп мөлшерде психотроптық заттар пирролидиновалерофенон (α-PVP), меткатинон, метилметкатинон табылды. Препарат 42 қаптамаға салынған. Күдікті оларды сатпақ болған.
Сотталушы ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігінің 3-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, он жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.