CaspianLife, 20 ақпан — Қазақстанда өндірілетін мұнайдың тең жартысы Атырау жерінен шығады, деп хабарлайды CaspianLife.
2022 жылы елімізде 84 миллион 240 мың тонна қара алтын өндіріліпті. Оның басым бөлігі, яғни 22,5 миллион тоннасы «ҚазМұнайГаз» ҰК, 16,6 миллион тоннасы Chevronға, 9,4 миллион тоннасы ExxonMobil компаниясына тиесілі. Ал мемлекеттер бойынша айтатын болсақ, көшті 31 пайызбен АҚШ бастап тұр. Екінші орында – 30,6 процентпен қазақстандық компаниялар. Ал үштікті Қытай қорытындылайды. Теңіз, Кашаған, Қарашығанақ жобаларына мұнай өндірісінің 63% тиесілі. Қазіргі уақытта еліміздегі мұнай саласында 14 елдің инвесторы жұмыс істейді. Соңғы жеті жылда Қызылорда облысында мұнай өндіру көрсеткіші 48, Ақтөбеде 20, ал Маңғыстауда 7,5 пайызға төмендеген. Ал БҚОда өндірілген қара алтынның көлемі 6,5 процентке азайыпты. Былтыр мұнай бағасының қымбаттауы — 2021 жылмен салыстырғанда түскен табыс көлемінің 1,5 есеге артуына себеп болды деп хабарлады ЛС ақпараттық ресурсы. Өткен жылы Қазақстан 65 миллион тоннадан астам мұнай экспорттап, компаниялар 46 миллиард 900 миллион доллар табыс тапқан. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздің мұнайын сатып алу жағынан Италия мен Нидерланды көш бастап тұр. Одан бөлек біздегі қара алтын Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Франция, Румыния, Сингапур және Испания асады.