CaspianLife, 6 қаңтар — Жыл сайын қымбаттаса да, қазақстандықтардың тарапынан көлікке тағылатын вип нөмірлерге деген сұраныс жоғары. Ал оның бағасы айлық есептік көрсеткішпен тікелей байланысты екендігі белгілі. Биылғы бір айлық есептік көрсеткіш 3450 теңге болып бекітілді, деп хабарлайды Caspian Life.
Яғни, осы жылы әдемі нөмір алғысы келетіндердің бұрынғыдан артығырақ шығындануына тура келеді. Мәселен, айналы нөмір немесе әріп комбинациясын бірдей қып алғыңыз келсе 196 650 теңге төлеу керек. Ал осы нөмірлердің қасындағы әріптер де бірдей болсын десеңіз, 393 300 теңге төлеуіңіз қажет.
Үш саны да бірдей немесе соңы 00-мен аяқталатын нөмірлердің бағасы 470 мың теңгеден асады. Осы сандардың қасындағы әріптер де бірдей болсын десеңіз, 670 мың теңгеңізді дайындай беріңіз.
777 немесе 001-ден 009-ға дейінгі сандар комбинациясынан тұратын нөмір үшін 800 мың теңгеге жуық төлеу керек. Осы сандардың қасында әдемі әріп комбинациялары тұрсын десеңіз, оның бағасы миллион теңгеге жуық. Ал, қарапайым нөмірдің бағасы 9660 теңгеден басталады.
Былтыр атыраулықтар көліктеріне ВИП нөмір сатып алу үшін 241 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Яғни, барлығы 856 мемлекеттік тіркеу нөмірі берілген. Ал, 2021 жылы 961 ВИП нөмір сатылып, бюджетке 250 миллион теңгеге жуық ақша түсіпті.