CaspianLife, 20 қараша — Атырау қаласы Жұлдыз ықшам ауданындағы №39 жалпы білім беру орта мектебінде орналасқан №251, 252 сайлау учаскесіне келушілерге ерекше жағдай жасалған.
Мұнда мектеп оқушыларының үздік деген 20 туындысы және жергілікті қолөнершілер Нұрсұлтан Қалиевтің ағаш-тері бұйымдары мен Айнұр Меңдібайдың қыз жасауы қойылған. Келушілер ұлттық бұйымдар туралы тың ақпараттармен танысуда.
«Сайлау учаскесіне келушілер ұлттық бұйымдарымызбен танысып, кейбірі ұнатқан дүниесін сатып алып жатыр. Басты мақсат — халыққа ұлттық өнерді насихаттау, қолөнершілердің еңбегін бағалау, оларды таныту. Барлық келушілердің көңіл күйі жақсы. Халық сайлауға белсенді қатысып жатыр»,- деді №39 жалпы білім беру орта мектебінің мұғалімі Рита Мұқанова.