CaspianLife, 9 қараша — ҚР Ұлттық статистикалық бюросы соңғы 12 айдағы баға өсімінің есебін жариялады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тамақ бағасы шарықтап тұр.
Мәселен, өткен жылы қант 75 пайызға өссе, ұн 44 пайызға, макарон және нан өнімдері үш есеге қымбаттаған. Күріш, сүт өнімдері мен балықтың бағасы да олардан қалыс емес. Сонымен қатар тізімде өсімдік майы, нан, ет, жеміс-жидек пен көкөністер бар.
Азық-түліктен бөлек кеңсе тауарлары да бағаның өсімі жағынан қалысар емес. Олар 64%-ға қымбаттап, бұл оқушылардың ата-аналарына мектепке дайындық кезінде қатты білінді. Сондай-ақ үйде қолданылатын жуғыш заттар мен тазалау құралдарының бағасы да – 40%-ға жуық өскен, ірі тұрмыстық техника, электр тауарлар бағасы үш пайызға, ал тұрғын үйді жөндеуге арналған материалдар 22%-ға қымбаттаған.
Қазақстан халқы үшін азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар бағасының көтерілуі соңғы жылдары тым өзекті болып тұр. Биліктің қымбатшылықты тоқтату үшін жасап жатқан іс шарасынан нәтиже жоқ. Олар бағаның өсуіне әлемдегі дағдарыстардың себеп екендігін жиі айтумен шектеледі. Бұл жағдай жалақысы төмен қазақстандықтардың қалтасына одан әрі салмақ түсіріп отыр.