CaspianLife, 8 қараша — Атырауда кейбір мектептер 6 күндік оқу аптасына ауысады. Бұл оқу жүктемесінің көбеюіне байланысты жасалып отыр. Нақтырақ айтқанда, осы форматқа мектеп-лицей, гимназия, үшауысымды мектептер көшетін болады.
Еске сала кетейік, оқу жылының басында ата-аналар дәл осындай өзгерістер үшін шу шығарған болатын. Бірақ білім бөліміндегілер олардың өтінішінен кейін бастауыш сыныптардың барлығы 5 күндікке ауысқанын, бірақ барлығына бірдей жағдай жасау мүмкін емес екенін айтып отыр.
«Енді міне үлгілі оқу жоспарына 30 қыркүйекте 412-ші оқу және ағарту министірінің бұйрығымен өзгерістер енгізілді. Сол өзегрістерде алгебра, Қазақстан тарихы, физика, биологиядан жаңа сағаттар қосылды. Осы сағаттардың қосылуы нәтижесінде оқу кестесіне өзгерістер енгіздік», — дейді қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Аманбай Хұсынов.
Қазір қаладағы 11 мектеп үш ауысыммен оқиды. Ал бұл мәселені атқамінерлер кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін шешуге уәде берген болатын. Бірақ демографиялық өсім мектептердің құрылысына қарағанда қарқынды. Қалалық білім бөліміндегілердің сөзінше, оңғы үш жылда мектепке баратын бала саны 4000-ға көбейіпті.