CaspianLife, 4 қараша — Атырауда 60 мың АҚШ долларынан астам қаражатты шекарадан өткізбек болған азамат ұсталды. Бұл туралы жергілікті Мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
3 қараша күні «Атырау-Кутаиси» халықаралық рейсімен ұшу барысында жолаушылардың қол жүктеріне бақылау жүргізу кезінде 30 жасар Қазақстан азаматынан ірі көлемде қаражат анықталды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын 60 700 АҚШ доллары, 10 мың рубль және 7 мың теңгені шекарадан әкетпек болған.
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әкету күніне белгіленген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге тиым салынған», — делінген департамент хабарламасында.