CaspianLife, 1 қараша — Автокөлік терезесін қараңғылатқан 1500 атыраулық жүргізуші анықталды. Бұл туралы облыстық ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Заңбұзушылық жасаған барлық жүргізушіге әкімшілік шаралар қабылданды. Олардың арасында осы құқықбұзушылықты бірнеше мәрте қайталағандар бар дейді полицейлер.
Мәселен, жол сақшылары 30 қазан күні сағат 03:32 шамасында Сәтпаев көшесінде терезесінде қара пленка жабыстырылған Toyota Camry автокөлігін тоқтатты. Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590 бабының 10 бөлігімен әкімшілік хаттама жасақталып, көлік құралы арнаулы тұраққа қойылды.
«Өз кезегінде, Атыраулық полицейлер жүргізушілердің назарына қараңғылатылған терезе үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгендігін және бұл бағыттағы жұмыстар патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел басқару орталығының қызметкерлерінің қатаң бакылауында екендігін ескертеді», — дейді ПД-нің баспасөз қызметі.