CaspianLife, 17 қазан — Депутаттар Қазақстандағы жол сапасы туралы сөз қозғады. Бүгін өткен үкімет сағаты кезінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәжілісмендер алдында есеп берді.
Министр қазіргі таңда жол құрылысы саласындағы проблеманың көп екендігін айтқанмен, осы уақытқа дейін неліктен шешімін таппағанына келгенде мүдірді. Ал, мәжіліс депутаты Дүйсембай Тұрғанов аймақтардағы жол құрылысына жасалатын талдау жұмыстарының сапасы туралы пікір білдірді.
«Республикалық жобаларға қарасақ жолмен қамту деңгейі 100% болғанымен, жергілікті бюджет облыс әкімдігіне тікелей байланысты. Сондықтан, ауылдағы және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша аулаларда салынып жатқан жолдарға ақша жетпей қалады. Бюджеттің дұрыс игерілуі мен үнемделуін бағалау үшін жекеменшік зертханалардың көмегіне жүгінеді. Техникалық жағынан да дұрыс бақылау жоқ», — дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Дүйсембай Тұрғанов.
Мәжілісмен Атырау-Астрахань тасжолын да тілге тиек етті. Аталған жолдың құрылысы биыл жыл соңында аяқталуы керек еді. Алайда, Тұрғановтың айтуынша, респбуликалық трассаны биыл қолданысқа беріледі деу қиын. Ал, Қайырбек Өскенбаев уәдесінде тұра алмағанын мойындап, жоспар бойынша үлгере алмағандарын айтты.
«Мәселенің бары жасырын емес. Өкінішке қарай, биыл жол құрылысын аяқтау мүмкін болмай отыр. Елді мекендерді мейілінше көбірек қамту үшін Атыраудан Жанбайға дейінгі жолды қалай да бітіру керектігін тапсырдым. Құрманғазыдан Жанбайға дейінгі 117 шақырым қалды. Енді оны келер жылы бітіреміз деп жоспарлап отырмыз», — дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Сондай-ақ, Өскенбаев биыл қазан айының соңында депутаттармен бірге Атырауға іссапармен келмекші. Сапар барысында жасалған жұмыстарды қорытындылап, кеткен қателіктерді ескере отырып, жұмыс істейтіндерін айтты.