CaspianLife, 13 қазан — Атырауда қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан біріншілігі өз мәресіне жетті деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Атыраулық спортшы Айгерім Төреғажина 48 келі салмақта чемпион атанды. Ал, осы салмақ дәрежесіндегі Хамария Амирғалиева мен 77 келі салмақта Эльмира Самиғоллаева қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, чемпионатқа еліміздің 363 спортшысы қатысты. Бәсекеде ерлер арасында 55-100 келі және одан жоғары, ал әйелдер арасында 48-77 келі және одан жоғары салмақ дәрежесінде өзара мықтылар анықталды.
«Қараша айының 4-6 аралығы Астана қаласында өтетін үздіктердің үздігі жарысы өтеді. Сол жарыста әр салмақ бойынша рейтингте сегіздікке кірген балуандар белдеседі. Сол жерде жеңімпаз болғандар Әлем чемионатына жолдама алады», — деді қазақ күресінен аға жаттықтырушы Айбек Серғазиев.
Облыстан аталған сегіздікке кірген балуандар: Бекет Жүніс 55кг, Жәнібек Телман 60кг, Бекарыс Мұратұлы 66кг, Нұрболат Ізімғалиев 74кг, Әділет Құлшым 74кг, Сағат Ғазимов 90кг, Руслан Ізғалиев 100кг, Сұңғат Закарияев 100 кг.