CaspianLife, 12 қазан — Атыраудағы ерекше балаларды дамыту орталығы биыл қыста жылусыз қалуы мүмкін. Былтыр сенімгерлік басқаруға берілген нысан көпқабатты ғимараттың жертөлесінде орналасқан.
Қазіргі таңда аталмыш орталықта мүмкіндігі шектеулі жүздеген бала білім алады. Мекемеге келетін балалар саны көбейіп жатқандықтан, орталық орналасқан үй-жайға демеушілердің көмегімен кеңейту жұмыстары жүргізілді. Алайда, қыс жақындап келе жатқанына қарамастан мекеме орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Сондықтан, балаларды дамыту орталығының өкілдері жергілікті әкімдікке үміт артып отыр.
Ал, қалалық әкімдіктегілер жылумен қамту «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның құзырында екенін айтады. Бірақ, қаланың оң жақ бөлігіндегі жылу желілеріне қосылған абоненттердің шамадан тыс көп болуына байланысты «Зейін-Атырау» мекемесіне техникалық шарт алу қиын болып отыр. Сондықтан, орталық басшылығына мәселенің шешімі табылады деп үміттену ғана қалды.