CaspianLife, 4 қазан — Атырау облысы әкімі Серік Шәпкеновтың ҮЕҰ өкілдерімен кездесуі 5 сағатқа созылды деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еркін форматта өткен жиынға 100-ге жуық ҮЕҰ өкілдері қатысты. Олар өздерін толғандырған мәселелерін айтты.
«Жиында көтерілген сұрақтардың басым бөлігі — өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жай-күйі. Қоғамдық бірлестік өкілдері инклюзивті сыныптарға куратор-сүйемелдеуші қажеттігін айтты. Сонымен қатар мекемелерді жылу жүйесіне қосу, балалардың параолимпиада ойындарына апаратын мамандарға жолақысын төлеу, аудандардағы ерекше балалардың мүгедектігі бар екенін дәлелдейтін құжат жасақтауға көмектесу, инватакси қызметін ұйымдастыру, грант алу, денсаулық сақтау мен коммуналдық мәселелерді ортаға салды», — делінген облыс әкімдігі таратқан хабарламада.
Жиынға қатысқан азаматтар еркін форматтағы кездесулерді жиі ұйымдастыру керек екенін айтады. Аймақ басшысы Серік Шәпкенов көтерілген мәселелерді хаттамаға енгізіп, ұсыныстар бойынша тапсырмалар берді.
«Сіздер ортаға салған мәселелер біртіндеп шешілуде, алға жылжу бар. Десе де қарқынды күшейту керек. Бәріміз бірлесіп ел игілігі үшін жұмыс істеуіміз тиіс. Сіздер халықпен көп кездесесіздер. Арнайы орталарыңыз бар. Сол ортада түсіндіру жұмыстарын жүргізулеріңізді сұраймын», — деді Серік Шәпкенов.
Айта кетелік, Атырау облысында түрлі бағытта жұмыс істейтін 720 үкіметтік емес ұйым тіркелген. 2022 жылы үкіметтік емес ұйымдар 11 бағыт бойынша 55 жоба бойынша жұмыс жүргізуде.