CaspianLife, 28 қыркүйек — Атырауға келген ресейліктердің басым көпшілігі басқа өңірлерге кетеді деп хабарлайды облыс бойынша жедел штаб басшысы Есмұхан Қажкенов.
Атырау облысына келетін Ресей Федерациясы азаматтарының саны артуына байланысты, облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен Атырауда қалыптасқан жағдайға байланысты мәселелерді шешу және алдын алу бойынша жедел штаб құрылды.
Штабтың дерегінше, 21-27 қыркүйек аралығында өңірге 10 479 адам келген. Көрсетілген мерзімнің ішінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу үшін Ресей Федерациясының 2 219 азаматы жүгінген.
«21-27 қыркүйек аралығында Атырау тұрғындары көші-қон полициясына Ресейден 644 азаматтың келгені туралы хабарлады. Бұдан Ресей Федерациясының келген азаматтары үшін Атырау қаласы негізгі тұрақтап қалу аймағы емес және олардың негізгі бөлігі еліміздің өзге өңірлеріне баруды жоспарлап отыр», — деп мәлімдеді Қажкенов.
Қазіргі уақытта ресейліктерге Солтүстік Промзона 69 мекенжайында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы (МХҚО) қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, жедел штаб Атырау қаласында жалға берілетін тұрғын үй бағаларына күн сайын мониторинг жүргізіп отырады. Жекелеген шағын аудандарда ғана бағаның өсуі байқалады, ол 30-50%-дан аспайды. Өңірде 109 Call орталығы жұмыс істеп тұр. Онда оператор-консультанттар Ресей Федерациясынан келген азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті ақпаратты ұсынады.