CaspianLife, 22 қыркүйек — Атырауда балалардың туберкулезбен аурушаңдығы көбейді деп мәлімдеді облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Зульфия Қайреденова.
Биыл 8 айда туберкулезбен жаңадан ауырған 271 науқас тіркелді. Маман биыл аталмыш дертке шалдыққандар саны 9,8%-ға төмендегенін айтады. Ал балалардың туберкулезбен аурушаңдығы 7 жағдайға көбейіп, жасөспірімдер арасында жаңадан 21 науқас тіркелген.
Туберкулез ауруы басталғанда жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұстың ауруы, тәбеттің, салмақтың, жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі байқалады. Одан әрі бұл белгілердің бәрі үдей түссе, науқас қан түкіруі мүмкін.
Айта кетейік, жөтел – туберкулезге тән ең алғашқы белгілердің бірі. Егер жөтел науқаста екі аптадан артыққа созылса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, туберкулез ауруына тексерілген жөн.