CaspianLife, 22 қыркүйек — Құрманғазы ауданында жаңа көпірдің құрылысы қайта жанданды. Бұл туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Марат Хасанов мәлімдеді.
Жаңа нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Бұған дейін тұрғындар Шортанбай-Жыланды елді мекендері арасында қолдан жасалған өткелдер мен жеке қайықтар арқылы қатынап келді.
Жаңа көпірдің құрылысы былтыр басталған болатын. Алайда, көктемгі су келу маусымына орай Шарон өзенінде су көлемінің ұлғаюына және балықтардың уылдырық шашу уақытында ағыс жолын бөгемеу мақсатында мамыр мен тамыз айы аралығында құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылып, қазір қайта жалғасты.
«Құрылыс жұмыстарына жауапты мекеме осыған дейін де ауданымызда жаяу жүргіншілер көпірін салып, тұрғындар игілігіне берген «Декор» ЖШС. Жоспар бойынша 10 айда аяқталуы тиіс. Нысанда бетон құю жұмыстары жүріп жатыр», — деді Марат Хасанов.
Оның айтуынша ұзындығы 108 метр болатын көпірдің металл конструкциялары толықтай дайын.