CaspianLife, 21 қыркүйек — Сағыз ауылында жарты ғасыр бұрын салынған электр желілері жаңартыла бастады деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сағыз ауылындағы 1970 жылы салынған электр желілері «Қазақстан темір жолы» АҚ-на тиесілі. Тозығы жеткен электр желілерінің жұмысына тұрғындардың наразылығы көбейіп, талай жиналыстарда айтылып жүрді.
Осыған байланысты осыдан 3 жыл бұрын Сағыз ауылындағы 3 ауыл бөлігіндегі ескі электр желілерін жаңартуға жоба жасақталып, жүзеге асырыла бастады.
Жоба бойынша жалпы ұзындығы 28,7 километр ескі электр желілері қазіргі жаңа технологиямен жасалған СИП кабелді желілеріге ауыстырылып, 9 дана жаңа талапқа сай КТП трансформаторлар орнатылды. Бұл өз кезегінде электр энергиясын тұрақты беріп, тұрмыстық техникалардың бірқалыпты жұмыс жасауына септігін тигізуде.
Сонымен қатар, жобада көше жарықтарын орнату жұмыстары да қамтылып, іске қосылды. Жарық беру қуаттылығы жоғары, қазіргі уақытта жиі қолданылатын соңғы үлгідегі «Philips» маркалы жарық шамдар орнатылып, қолданысқа берілді.