CaspianLife, 21 қыркүйек — Ауадағы көп мөлшердегі күл тыныс алу мүшелеріне зиян келтіреді дейді дәрігерлер.
Облыстық аурухананың штаттан тыс терапевт-дәрігері Гүлжан Сайынова түтін мен жағымсыз иістен қорғану жолдарын айтты. Оның сөзінше, күлмен ұзақ уақыт тыныс алған жағдайда мұрын мен өкпенің созылмалы ауруы өршуі мүмкін.
«Егер сіз даладан өрттің иісін байқасаңыз, дереу терезелерді жабыңыз, үйде немесе кеңседе кондиционерді қосу керек. Физикалық күш салудан аулақ болуға тырысыңыз. Терең дем алмау үшін жүгірудің және жаттығудың қажеті жоқ», — дейді маман.
Сондай-ақ ол дәке маскасын және бір реттік медициналық масканы тағу иістен жартылай қорғайтынын, сондай-ақ мұндайда өнеркәсіптік респираторлар жақсы көмектесетінін айта кетті.
Айта кетелік, 20 қыркүйек күні Атырау қаласының тұрғындары күйік иісін сезіп, дабыл қаққан еді. Кешкі сағат 19:00 шамасында аспанды қара түтін басты. Оған қоса ұшқан күл де байқалған болатын.