CaspianLife, 20 қыркүйек — Атыраулық 4 баласы бар ана әлем чемпионатына қатысады деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Рахия Молдашева қол күресінен 3 дүркін әлем чемпионы атанған. Ол биыл мамыр айында Азия біріншілігіне қатысып, жүзден жүйрік шықты. Енді ол 27 қыркүйек — 5 қазан аралығында Түркияда өтетін кезекті әлем чемпионатына дайындалуда.
«Бүгінде армрестлинг деп атауын өзгерткенімен қол күресі қазаққа жат емес. Республикалық сайыстан жүлдемен оралғаннан кейін облыстық құрама сапына қабылданып, кәсіби бапкер Сергей Передистыймен жаттықтым. Үлкен додаларда қарсыластар да осал болмайды. Дегенмен қазақ спортшыларының қанында бар қайсарлықты, рухты ешбір елдің кәсібилігімен салыстыруға болмайтынын әлем чемпионатына барғанда түсіндім», — деді Молдашева.
Рахиядан ұтылған америкалық спортшы да «Азат» радиосына берген сұхбатында оң қолмен де, сол қолмен де күш сынасудан алдына жан салмайтын қарсыласының бойындағы күштің тумасынан берілген қайрат екенін айтыпты.
Рахия Молдашева 2 ұл мен 2 қыздың анасы. Кіші қызы да анасы секілді спортпен шұғылданады. Ол самбо күресінен ел чемпионы атанған болатын.