CaspianLife, 14 қыркүйек — Атырауда жұмыртқа бір адамға тек 10 данадан сатылуда. Сауда желісіндегілер мұны алыпсатарлықты болдырмау үшін жасалған іс шара дейді.
«Аталған супермаркет желілерінің әкімшілігімен ортада делдалдық схеманы немесе жасанды баға өсімін алдын алу мақсатында күнделікті сауда сөрелеріне шығарылатын жұмыртқа өнімінің көлемін азайтып, бір тұтынушыға 10 дана жұмыртқадан ұсынылуда», — дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жұмасейітов.
Ал базарларда тапшылық жоқ. Дегенмен бағаларында айырмашылық бар. Мысалы супермаркеттерде жұмыртқаның бір данасы 35-36, ал базарлар мен дүкендерде 47-48 теңгеден тұр. Жергілікті атқарушы орган өкілдері шектеудің дәл осы жағдайға байланысты қойылып отырғанын айтады.
Шенеуніктердің сөзінше, өңірде жұмыртқадан тапшылық жоқ. Мысалы мемлекеттен субсидия алып отырған «Лидер», «Идеал» сауда желілеріне аптасына 330 мың дан жұмыртқа жеткізіледі. Ал атыраулықтар тұтынатын жұмыртқаның 70 проценті өзге облыстардан тасымалданады.