CaspianLife, 14 қыркүйек — Атырауда заңсыз балық аулап, тасымалдау және сатумен айналысқандарға 3,5 млн-нан астам айыппұл салынды деп мәлімдеді облыстық Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.
Өңірде «Бекіре-2022» көктемгі іс-шарасы 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткізілді. Рейд кезінде 247 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 225 заңсыз балық аулау және балық аулау ережелерін бұзу, 6 балық өнімдерін заңсыз сатып алу, 16 балық өнімдерін заңсыз тасымалдау және әкету дерегі тіркелді. Заң бұзушылардан 1893 келі балық, оның ішінде 525 келі бекіре тұқымдас балық, 218 әртүрлі балық аулау және екі су көлік құралы тәркіленді. Сонымен қатар ішкі істер органымен 3 млн 540 мың 795 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ, жедел алдын алу іс-шарасының күзгі кезеңі 10 қыркүйекте басталды. 31 қазанға дейін жалғасатын шараның жұмыс жоспары құрылып, мобильді топтар автожол, темір жол вокзалы, базарлар мен өзге де орындарда бақылауды күшейтті.