CaspianLife, 12 қыркүйек — Атырауда психотроптық препараттарды заңсыз сатумен айналысқан 6 тұлға анықталды.
4 күнге созылған «Дәрмек» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде Атырау қаласында орналасқан мұнай бұрғылаумен айналысатын компанияның прекурсорларды сақтайтын қоймасының техникалық нығайтылуы заңды талаптарға сәйкес келмейтіні анықталып, барлығы 9 884 тонна тұз қышқылы тәркіленді.
Соған сәйкес, іс құжаттар жинақталып процессуалдық шешім қабылдануда. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бергені үшін дәріхана мен ЖШС ұйымдарына арнайы іс құжаттар жинақталды.
Атырау қаласында жүйкеге күшті әсер ететін, ашық сатуға тыйым салынған «трамадол» және «тропикамед» психотроптық препараттарын заңсыз сатып жүрген 6 тұлға анықталып ұсталып, хаттамалар толтырылды. Барлығы 264 трамадол, 183 тропикамед дәрілік препараттары тәркіленді.