CaspianLife, 2 қыркүйек – Биыл АМӨЗ жоспар бойынша 5 млн тоннадан астам мұнай өндіреді. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшысы Мағзұм Мырзағалиевпен өткен кездесуде баяндалды.
Зауыт басшысы Мұрат Досмұратовтың айтуынша, 8 айда белгіленген жоспардың 70%-ға жуығы орындалды. Мәселен, биыл 897 мың тонна бензин және 1 090 мың тонна жанармай, 99,6 мың тонна авиакеросин және басқа да мұнай өнімдері өндірілді. Осылайша зауыт Энергетика министрлігі бекіткен жоспарды толықтай орындап отыр.
Айта кету керек, АМӨЗ модернизациядан өткеннен кейін мұнай өндіру қуаттылығы 5,5 млн тоннаға дейін артқан болатын.
Сонымен қатар, мұнай зауытының қыркүйек айына жоспарланған жөндеу жұмыстары жанар-жағармай нарығындағы проблемаларға байланысты кейінге шегерілуі мүмкін. Мағзұм Мырзағалиев жөндеуді кейінге қалдыру бойынша дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды.
Жиында «CaspiBitum» зауыты бас директорының міндетін атқарушы Атымтай Балтабаев та есеп берді. Оның айтуынша, «CaspiBitum» зауыты белгіленген жоспарды артығымен орындауда.
Мағзұм Мырзағалиев президент жолдауында айтылған битум тапшылығын шешу қажет екенін баса айтты. Сондықтан, ақтаулық зауыттағы битум өндірісін 1,5 есеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұның арқасында зауыт жылына 750 мың тоннадан астам жоғары сапалы битум өндіруге мүмкіндік алады.