CaspianLife, 29 тамыз — Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мектепке жол» акциясынан Атырау мұнай өңдеу зауыты да тыс қалмады.
Аталмыш мекеме облыстағы әлеуметтік осал топтағы және ерекше күтімді қажет ететін 100 балаға сертификат табыстады. Олардың 75-і Атырау қаласынан болса, қалғаны Махамбет ауданынан. АМӨЗ бұл акцияға 7 жылдан бері қатысып келеді.
«Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымы бұл акцияға жыл сайын ат салысады. Бұрын балаларға киім және мектеп құралдарын тарататынбыз. Биыл қаламыздағы «Детский мир» дүкеніне 20 мың теңге сертификатын табыстадық. Ата-аналар қажетті заттарды өздері таңдай алады», — дейді Атырау мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерді басқару және ақы төлеу департаментінің бастығы Гүлнар Дастанова.
Облыста 10 мыңға жуық атаулы көмек алмайтын көп балалы отбасы тіркеуде тұр. Демеушілер 2500-ге жуық балаға көмек көрсетті.
«Біздің өңірде бұл акция аясында демеушілердің қолдауымен бірқатар жұмыстар атқарылды. Солардың бірі, Атырау мұнай өңдеу зауыты да қолдау көрсетуге ниет білдірді. Мекеме басшылығы мен қызметкерлеріне облыстық білім беру басқармасының атынан алғысымызды білдіреміз», — деді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенова.
Шара барысында зауыт директоры Мұрат Досмұратовқа облыстық мектеп-интернаты ұжымының атынан алғыс хат табысталды. Айта кетелік, «Мектепке жол» акциясы 31 қыркүйекке дейін жалғасатын болады.