CaspianLife, 26 тамыз — Атырауда жол құрылысына бөлінген қаражаттың 15 млрд теңгесі игерілмеген. Бұл туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ұйымдастыруымен өткен жиында айтылды.
Соңғы 3 жылда жол құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына 45 млрд теңге қаражат бөлінген, алайда оның үштен бірі игерілмепті.
Департамент Атырау-Астрахань тас жолын жөндеуге қатысы бар компаниялардың жұмысында сыбайлас жемқорлықтың белгілері бар екенін анықтады. Алдағы уақытта оларға қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактілерінің алдын алу мақсатында жұмыс жүргізілмек.
Жиынға қатысқан «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері облыстағы жолдардың сын көтермеуінің басты себебі — құрылыс кезінде сапаны бақыламау мен жүк көліктерінің затты шамадан тыс тиеуі дейді.
Атырау облысының аумағында жер қойнауын пайдаланушы 50-ге жуық карьер бар. Жиынға қатысқандар карьер иелеріне тиелетін жүктің салмағына, жұмысшылардың қауіпсіздігі мен түнгі уақытта аумақты жарықтандыру мәселесіне мән беру керектігін айтты. Антикор жасақтаған жемқорлық тәуекелдерінің картасы негізінде мамандар тек жол құрылысына бөлінген қаражаттың игерілуін ғана емес, мердігер компаниялардың талапқа сай болуын да тексереді.
«Кейде мердігер компания мемлекеттік сатып алуда жеңіске жетіп, бірақ жұмысты өзі атқармайды, жай ғана тапсырыс беруші мен орындаушының арасындағы делдал болып шығады. Демек олардың мемлекеттік мекемелердегі лауазымды тұлғалармен жемқорлыққа қатысты байланысы болуы мүмкін. Сол себепті бюджетті негізсіз пайдаланудың барлық жолдарын тексеру қажет», — дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі АОД басқарма басшысының міндетін атқарушы Ғибат Кукатов.
Департамент мамандарының айтуынша, өңірде бармақ басты көз қысты әрекеттер экология, медицина, инфрақұрылымды дамыту салаларында көп кездесетін көрінеді.