CaspianLife, 16 тамыз — Атырау-Астрахань тас жолы баяу салынуда. Облыс әкімі Серік Шәпкенов құрылыс барысын өз көзімен көргеннен кейін осындай қорытындыға келді. Ол облыс тұрғындарына қайта жаңғырту жұмыстарын өзі жіті бақылауға алуға уәде бергенін айтып, жауапты мердігер компанияларға тапсырма берді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев тасжолдың 20 шақырымы ашық екенін және тағы 10 шақырымы жуықта қолданысқа берілетінін мәлімдеді.
«Бүгінде Атырау-Астрахань тасжолының реконструкциясы аясында 217 шақырым жолдың құрылысы жүруде. Оның 54-іне негізгі төсем салынса, 45 шақырымына қара қиыршық тас төселді. Ал 22 шақырымына бір қабат асфальт бетон төселді. Оның 20 шақырымы қолданысқа берілді», — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаев.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының өкілі реконструкция жұмыстарының бәсеңдеуіне құрылыс материалдарының жетіспеушілігі себеп екенін айтады. Битумды жеткізу жағынан да қиындық бар. Ал, техника мен жұмысшылар жеткілікті көрінеді. Енді тас жолдың құрылысы барысында туындайтын мәселелермен облыс әкімінің жаңа орынбасары Қайрат Нұртаев айналыспақ. Серік Шәпкенов Қайрат Нұртаевқа тиісті министрліктермен бірлесіп проблемаларды шешуді тапсырды.