CaspianLife, 15 тамыз — Атырауда нан қалдықтарына арналған арнайы контейнерлер орнатылды. Бұл туралы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Контейнерлер әр екі күн сайын тазартылып тұрады. Ондағы нан қалдықтары сұрыпталып, кептірілгеннен кейін цехқа жіберілетін болады. Ол жерде ірі қара мен ұсақ малға арналған түйіршіктелген жем дайынадалып, басқа кәсіпкерлерге сатылмақ. Арман Сагинаев әзірлеген бұл жоба әкімдік тарапынан қолдауға ие болды.
«Бұл жобаны бастамас бұрын ақпараттарды іздестірдім. Алдымен, жем шығарушылармен кездесіп, баға мониторингін жасадым. Мүмкіндік бар екеніне көзім жеткен соң, қолға алуды жөн көрдім. Біріншіден, бұл қала тұрғындарының нан өнімдерінің қалдықтары бойынша проблемасын шешуге көмектеседі. Екіншіден, иттер қоқыс жәшігін шашып, ластамайды», — дейді жас кәсіпкер.
Қазіргі таңда жасыл түсті контейнерлер Нұрсая, Авангард, Вокзал маңы ықшам аудандары мен Сәтпаев көшесі бойына орнатылды. Болашақта олардың санын 200-ге жеткізу жоспарланған.