CaspianLife, 11 тамыз – Атырауда жүкті әйел ауруханада көз жұмды. Ал іштегі шақалақтың шетінеп кеткенін күйеуі кейін білген. Бұл туралы қоғамдық белсенді Нұрлан Жунасов «Фейсбук» желісіндегі парақшасында жариялады.
Марқұмның күйеуінің айтуынша, жары жүктіліктің 17-нші аптасында болған.
«Әйелім ауруханаға түсті. Бір күннен кейін оны кері шығарып жіберді. Үйге келген соң әйелімің жағдайы нашарлап, қан құсып тұрды. Ауруханаға қайта жатқызғаннан кейін әйелім көз жұмды», — деді марқұмның жолдасы.
Тұрғын әйелі түсік тастағаның оның қайтыс болғаны туралы анықтаманы алуға барған кезде бір-ақ білді. Шақалақтың денесі мәйітханада он күн жатқан.
Марқұмның артында кәмелетке толмаған екі бала қалды. Жас отбасының шаңырақ құрғанына небәрі үш жыл болған.
Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы қайғылы жағдайды растады. Болған оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.