СaspianLife, 11 тамыз – Атырауда 250 орындық психикалық денсаулық орталығының жаңа ғимараты бой көтереді. Бұл туралы Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Елдос Кдрсихов мәлімдеді.
Қазіргі таңда облыстық психикалық денсаулық орталығының екі ғимараты қолданыста. Оған 2020 жылы қаңтар айында күрделі жөндеу жасалған болатын. Нысанда әкімшілік, наркологиялық стационар, мәжбүрлеп емдеу бөлімшесі, бейімдеу және детоксикация орталығы орналасқан.
Ал, психиатриялық стационарлары бар аурухана бір қабаттан тұрады. Оның ішінде 5 психиатриялық бөлімше болса, қалған 8 бөлім шаруашылық мақсатта қолданылады.
Мекеме директорының айтуынша, психиатриялық стационардың барлық ғимараттары апаттық жағдайда болғандықтан, келер жылы облыста 250 орындық жаңа ғғимараттың құрылысы басталады. Қазіргі таңда сметалық құжаттары жасақталуда.
Сондай-ақ, Кдрсихов аймақта психикалық бұзушылығы бар науқастардың саны өскенін айтады.
«Өткен жылға қарағанда психикалық және мінез-құлықтық бұзылушылықтары бар динамикалық бақылауда тұрған науқастар саны 0,3%-ға көбейіп, динамикалық наркологиялық бақылауда тұрған адамдар 3,3%-ға төмендеді. Ал, трамадол дәрілік есірткісін қолданатындардың саны 16,7%-ға өссе, басқа есірткі заттарын қолданатындардың саны 1%-ға төмендеді. Сондай-ақ, психикалық белсенді заттар қолдану нәтижесінде психикалық және мінез-құлықтық бұзылулары бар 169 пациент есептен шығарылды», — деді мекеме басшысы.
Сонымен қатар, ол халыққа психологиялық қызмет көрсету үшін психоәлеуметтік түзету және медикопсихологиялық көмек көрсетілетінін жеткізді. Ол бөлімшеде балалар психиатры, психологы, қолданбалы мінез-құлықты талдау терапевті, логопед, дефектолог мамандары бар екенін айтты.