CaspianLife, 6 мамыр — Атырауда жалғызбасты мүгедек азаматтың пәтерінен 350 келі қоқыс шықты. Мүңкіген жағымсыз иістен шаршаған көршілер әлеуметтік қызметкерлерге хабарласып, көмек сұрапты. Мына пәтерде қазір 48 жастағы ер адам тұрып жатыр.
Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері жыл басынан бері 6 пәтерді тазалап, үй иелерінің медициналық көмек алуына қол ұшын созған.
— Қала әкіміне тұрғындардың тарапынан әрекетке қабілетсіз жандардың іс-әрекетіне қатысты өздерінің пәтерлерін күтпей, антисанитарлық жағдайда ұстағандары үшін шағымдар түсіп жатыр. . Қала әкімінің тапсырысына сәйкес, құзырлы органдармен дезинфекция жұмыстары жүргізілді, — дейді қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі басшысының орынбасары Анар Жеңісова.
Мамандар қала тұрғындарын мүмкіндігі шектеулі жандарға мейірімділік танытуға шақырады. Қазіргі кезде облыс орталығында 500-ге жуық еңбекке жарамсыз азамат тұрады. Оның 181-іне 25 әлеуметтік қызметкер көмектесіп жүр.