CaspianLife, 4 мамыр — Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық жалақы мөлшері жаңарды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мәлімдеді.
«2022 жылдың бірінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 285 433 теңге болды. 2021 жылдың осы тоқсанымен салыстырғанда өсім — 23,7 пайыз, нақты мәнде 12,7 пайыз», — делінген хабарламада.
2021 жылдың ақпанында Қазақстанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 223 213 теңге болған еді. Ведомство мәліметінше, өңірлік тұрғыда ең жоғары орташа айлық жалақы Атырау облысында — 477,9 мың теңге. Солтүстік Қазақстан облысында — 203,4 мың теңге, бұл республикалық деңгейден 28,7 пайызға төмен.
«Бюро қолданатын орташа айлық жалақыны есептеу әдісі Халықаралық еңбек ұйымының стандарттары мен әдістемесіне сәйкес келеді. Орташа айлық жалақы туралы деректер кәсіпорындардың тоқсан сайынғы статистикалық есебі негізінде есептеледі. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы қосымша төлемдерді, үстемеақыларды, сыйлықақыларды, сондай-ақ салықтар мен басқа да аударымдарды ескере отырып қаралады», — деді Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова.