CaspianLife, 4 мамыр — Маңғыстауда бірнеше нысан салынбақ. Бұл туралы Орталық өңірлік коммуникация қызметі хабарлады. Түркістан ауданындағы Сайын Шапағатов ауылында 1200 орындық мектеп құрылысы басталады. Ауыл басшысы Сайран Қылыштың айтуынша, халық саны жыл сайын өсіп келеді.
— Құрылысқа арналған жердің жалпы көлемі 3,8 га, ал мектептің өзі 15 124 шаршы метрді алады. Қазір мердігер мектептің іргетасын құюға дайындалып жатыр, құрылысты осы айдың ішінде бастау керек, — деді әкім.
Жоспар бойынша жаңа мектеп екі жылдан кейін қолданысқа беріледі. Кейін балаларды мектепке қатынау мәселесі шешілмек.
Сонымен бірге, Қарақия ауданы, Құрық ауылында 3 балалар ойын алаңы салынып, 3-шағын ауданындағы ескірген спорт алаңына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы ауыл әкімі Ғабит Салихов мәлімдеді.
– «Маңғыстаупромстрой» ЖШС мердігер ұйымы тендер ұтып, онымен келісімшарт жасалды. Балалар ойын алаңдарын салудың шарттық құны — 7 050 000 теңге. Сондай-ақ, 3-шағын аудандағы ескі футбол алаңын қалпына келтіру үшін «BN Capital» ЖШС-мен 8 960 000 теңгеге келісім жасалды. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде, — деді Ғабит Салихов.