CaspianLife, 28 сәуір — Атырау қаласында Нұрсая ықшам ауданындағы Тұлпар 1, Тұлпар 2 кешенінің тұрғындары электр жарығына жарымай отыр. Электр қуаты қайта-қайта сөнетіндіктен ыстық су мен газ да қатар болмай қалады. Олар жауапты орындардың есігін талай рет қағыпты. Бірақ бәрі де жарықтың сөне беретініне апаттық жағдай себеп дейді.
«Соңғы кездері жарық жиі сөнетін болды. Ол болмаса ыстық су мен салқын су да жоқ. Қысқасы дымсыз қаласыз. Не су іше алмаймыз, не әжетханахаға бар алмаймыз. Өткен сенбіде таңертең жарық сөнді, жексенбі күні теңертең ғана қайта қосты. Ол не деген масқара? Бұны шешетін адам қайда? Атырау-Жарықтың адамдарына қоңырау шалсақ, баяғы бір әңгіме: «Апат болып жатыр», — дейді тұрғындар.
Атқамінерлердің сөзінше, 15 жыл бұрын тартылған жерастында жатқан жоғары вольтты кабель желілері жиі жауған жаңбырдың кесірінен зақымдалады. Қазіргі уақытта оларды ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
«Жерасты кабелдеріндегі авариялық жағдай жердің агресивті болуына байланысты. Кабелдер сыртқы факторлердің кесірнен де деформацияға ұшырайды. 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттары дайын болады. Ал жергілікті бюджеттен қаржы бөлінуіне орай құрылыс-монтаж жұмыстары басталады», — дейді жергілікті ТҮКШ секторының бас маманы Мұхтар Сағындықов.
Алайда, «Тұлпар» кешенінің тұрғындары шенеуніктердің мұндай жауабына қанағаттанбады. Өйткені алда жаз келеді. Проблема жақын арада шешілмесе, аптапта шыдау мүмкін емес. Олар 1 айдың ішінде мәселе реттелмесе әкімдіктің алдына барамыз деп отыр. Аталған тұрғын үй кешенінде 2000-нан астам адам тұрады.