CaspianLife, 19 сәуір — «Амангелді» өндірістік кооперативінің жұмысшылары Жайық өзенінің Кіші Дамбы тартымында бекіре тұқымдас қорытпа балығының аналығын ұстады.
Су маржаны арнайы техникамен Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытына жеткізіліп, тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде балықтың салмағы 190 келі, ұзындығы 247 см екені анықталды. Ультрадыбыстық тексеру жүргізген мамандар аналықтың бойында 30 келіге жуық уылдырық бар деп болжап отыр.
Осы зауыттың бассейніне жеткіздік. Аналық толық қаралды. Енді бір-екі күнде су температурасы көтерілсе, уылыдырығын алуға кірісеміз. Шамамен айтсақ, 1 млннің үстінде шабақ шығуы керек. Соңғы 4-5 күнде Жайықтың деңгейі көтеріліп, балықтың жүрісі басталды деп айтуға болады, деді «Жайық-Атырау» бекіре шабақтарын өсіру зауытының директоры Ғилымен СӘРСЕМӘЛИЕВ
Су маржаны бекіре тұқымдас балықтардың қорын сақтау және көбейту мақсатында мемлекеттік тапсырыспен ауланды. Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауыты жылына 3,5 млн дана бекіре тұқымдастарының шабағын табиғи ортасына жібереді деп жоспарланған. Енді балық зауыт бассейнінде бейімделіп, уылдырық шашуға қолайлы температураны күтетін болады.