CaspianLife, 29 наурыз — Ол психотроптық есірткі заттарын қарызға беру үшін тұтынушылардың құжаттарын кепіл ретінде алып отырған.
48 жастағы азаматша аса ірі көлемде психотроптық дәрілерді сақтаған. 1974 жылы туған әйелдің пәтерінен 114 дана «Трамадол» дәрісі, 18 дана «Лирика» пластинкасы, 82 дана «Тропикамед» дәрі-дәрмектерінің ақ түсті бөтелкесін, 10 дана «Сомнол» дәрі дәрмектерінің пластинкасы табылған. Пәтердің жатын бөлмесіне тінту жүргізу кезінде 725 дана «Тропикамед» табылған. Психотроптық есірткі заттарын сатумен айналысқан әйелден өзге азаматтардың 35 дана куәлігі шыққан. Тергеу барысында тиым салынған заттарды тұтынушыларға қарызға беріп, кепіл ретінде олардың құжаттарын алып отырғаны анықталды.
«Белгісіз азаматтардың жеке басын куәландыратын түрлі құжаттары, 1 млн 375 мың теңге табылып, тәркіленді. Азаматшаның айтуынша, ол психотроптық есірткі заттарын қарызға беру үшін, тұтынушы азаматтардың құжаттарын кепіл ретінде алып отырған. Әккі әрекетке барып психотропты дәрілерді заңсыз сатқан тұлғалар бір пәтер арқылы тұтынушыларға дәрі сатса, көрші пәтерде көп мөлшерде психотропты дәрі сақтап отырған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Тұрғындардан дәл осындай күдік тудырған фактілер туралы деректерді бірден полицияның 102 операторына хабарлауын сұраймызә, -деді Атырау облысы ПД бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев.
Дәл осы Береке ықшам ауданында бұған дейін қанды шприцтер табылып, көпшіліктің наразылығын тудырған еді. Тексеру барысында полицейлер сол ықшам ауданнан психотропты дәрі сатумен айналысқан тағы бір әйелді ұстаған.