CaspianLife, 26 наурыз — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ғұмар Дүйсембаев пен Сағындық Лұқпанов Атырау облысына жұмыс сапары аясында Мақат ауданында кездесулер өткізіп, жергілікті халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.
Сенаторлар Доссор кентінде апатты жағдайда тұрған үйлердің тұрғындарымен кездесіп, мәселенің мән-жайымен танысты. Кент әкімінің айтуынша, кентте 150-ден астам ескі және апатты жағдайдағы үй бар. Доссор поселкесі құрылған 1911 жылы жұмысшыларға арнап салынған йлер ең көне үй болып отыр. Сенатор Ғұмар Дүйсембаев бұл мәселенің алдағы уақытта заң бойынша шешілетінін жеткізді.
Одан әрі сенаторлар Мақат ауданының орталығына арнайы барып, аудандық орталық ауруханасының дәрігерлерімен кездесті. Жүздесуде маман тапшылығын жою және дәрігер мамандарды жергілікті жерге тарту туралы айтылды. Дәрігерлер сондай-ақ резидентура бітірген жас мамандардың ауданға келмейтіні жайында айта келіп, болашақта мақаттық мамандарға арнайы келісім-шартпен квота бөлінуге ықпал етуді сұрады.