CaspianLife, 4 наурыз — Ақтау қаласының әкімдігі жергілікті демалыс паркін қалыпқа келтіріп, абаттандыру үшін мекемені сенімгерлік басқармаға берген еді. Бірақ жөндеу жұмыстарын бастауға саябақтың бұрынғы жалға алушысы кедергі келтіріп отыр.
Тендерде жеңіске жеткен жекеменшік компания заманауи демалыс орнын құру ұшын бірнеше миллиард қаражат құймақ. Саябақтың жаңа концепциясын алматылық дизайнерлер жасап жатыр.
Концепция 10 наурызда дайын болады. Жобаға кезең-кезеңімен екі миллиард ақша құюды жоспарлап отырмыз. Демалыс орнына кіру тегін болады. Жобаны жақтау үшін алматылық урбанистерді жұмысқа тарттық. Мұз айдынын салуды жоспарлап отырмыз. Бірақ жұмыстарға кіріспес бұрын бұрынғы ойын аттракциондарын алып тастауымыз керек, олар бізге кедергі келтіреді, — дейді инвесторлық компания басшысы Әбдімәлік Алеудин.
Ал Ақтау қаласының әкімдігі келісім-шартты бұзу үшін саябақтың бұрынғы жалға алушысымен соттасып әлек.
Бұл кәсіпкермен бұрын меморандумға қол қойылды. Бірақ меморандумның бірнеше бөлімі орындалмады. Паркті қалпына келтіре алмады. Демалыс орнының жағдайы туралы халық тарапынан арыздар түсіп тұратын. Сол үшін осындай шешім қабылданды. Келісім-шартты біржақты тәртіппен бұзудамыз, — деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Тілеген Едігеев.
Жөндеу жұмыстарынан кейін паркке кіру бұрынғыдай тегін болып қала береді. Жуықта жаңа басшылық саябақ аумағын көгалдандыру жұмыстарына кіріспек. Қоғамдық әжетхана қойылады. Барлық жұмыстар сот үкімі шыққаннан кейін басталады.
Фото: Lada.kz