CaspianLife, 28 ақпан — Атырау облысының Индер және Қызылқоға аудандарын еріген қар суы басып қалды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, Индер және Қызылқоға аудандарында еріген қар суын сору бойынша авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«26 ақпан күні сағат 16.20-дан Индер ауданы Индербор кентінің көшесінде еріген қар 30 см жетті. Сондай-ақ Жарсуат ауылының көшелерін де су басып қалды. Су сору жұмыстарына ТЖД және аудандық әкімдік қызметкерлері жұмылдырылды», — делінген ТЖД хабарламасында.
Сондай-ақ Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылының Қарабалин және Аққуов көшелерінде де 25-30 см болатын еріген қар суын арнайы су сору техникасымен ауыл сыртына шығару жұмыстары жүргізілді. Барлығы 280 м3 су сорылды.