CaspianLife, 18 ақпан — Атырауда ерекше балалар үшін айрықша жоба іске қосылды. Қазір олар жылыжайда гүл мен көкөніс өсіреді.
Былтырғы желтоқсанда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанынан жылыжай ашылды. Жылыжайда гүл мен көкөніс түрлерін өсіруге арналған.
«Біздің орталықта тәрбиеленетін ерекше қажеттілігі бар балалар гүлдер мен көкөністерді өсіруді қолға алды. Осылайша, балалардың ой-өрісін кеңейтуге, ұсақ моториканы дамытып, қоғамға бейімделуіне көмек бере бастадық. Жақында балалар өздері өсірген қиярдың алғашқы өнімін жинап үлгерді», -дейді орталық директоры Анар Аюпова.
Қазір орталықта 78 бала емделіп жатыр. Орталықта шағын асхана бар. Асханада балалар салаттың түр-түрін дайындайды.
«Жылыжай мен бақшадан алынған өнімдерді сатылымға шығаруымыз мүмкін. Бұл балалардың сату, қаржыны басқару дағдыларын үйренуіне ықпал етеді. Балалар құстарды да жақсы көреді. Сол себептен, құс шаруашылығын ашуды жоспарлап отырмыз», -дейді педагог-дефектолог Сара Қуанысова.