CaspianLife, 7 ақпан — Ақтау қаласы мен оған жақын елді мекендерді су, жылу және электр қуатымен қамтып отырған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесінің жұмысшылары наразылыққа шықты.
Ортақ талап біреу — жалақыны 100% көтеру. Монополист мекеменің басшылары тариф құнын бірнеше есе өсіруді ұмытпаса да, жұмысшыларының жалақысын көбейтуді мүлде ұмытыпты.
2014 ж бері тариф 400% көтерілді. Айлық 1%-де көтерілген жоқ. Мен 6 разряд 167 мың аламын, 3-4 разряд жігіттер бар 100-120 мың тг айлық алады, — дейді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қызметкері Асланбек Өтебаев.
Бәрі қымбатшылық. Дымға жетпейді. Былай тартсаң былай жетпейді. Бәріміздің жұмысшыларды жұмыстан шығарамыз деп қудалауда. семьямыз бар. Кредит бар пайыздары үлкен. Талапты орындамаған жұмысшыларды жұмыстан шығарамыз деп қудалауда, — деп жұмыстасымен келісті Еркін Жұрынбаев.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесінде барлығы 3 жарым мың адам жұмыс істейді. Мекеме басшылары наурыздан бастап айлықты 30% көтеріп, қызметкерлердің еңбек демалысына емдеу-сауықтыру мақсатында бір жалақы көлемінде қаржы қосу және мерекелерде 10 мен 25 АЕК аралығында сыйақы беруді шешті. Бірақ қызметкерлер мұнымен келіспеді.
Талаптары орынды. 100% жалақыны көтеруге мекеменің мүмкіншілігі жоқ. Қаржыға байланысты. 100% жалақыны көтеру үшін тарифті көтеруге ұсыныс беруіміз керек. Егер тариф көтерілсе ғана мүмкіншілік бар, — дейді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Игалиев.
Жұмысшылар жалақы 100 % көтерілмейінше, наразылықты тоқтатпаймыз дейді. Қазір монополистер ымыраластық комиссиясын құрды. Онда еңбек дауын мұқият талқылап, қорытынды шешім шығармақ.