CaspianLife, 25 қаңтар — Атырау облысында жаңа жобалар бойынша негізгі капиталға қосымша 8,3 трлн теңге инвестиция тартылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын талқылау кезінде өңір әкімі Махамбет Досмұхамбетов хабарланды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен және Үкіметтің қолдау көрсетуімен өңірдің ең маңызды, түйінді мәселелерін шешуге және өңірді одан әрі тиімді дамытуға бағытталған облыстың Кешенді даму жоспары жаңартылды. Кешенді жоспар жобасының жалпы сомасы 8,9 трлн теңгені құрайтын 185 іс-шараны қамтып отыр. Нәтижесінде, республикалық бюджеттен 535,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 112,6 млрд теңге, басқа қаражат көздерінен 8,3 трлн теңге, мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 14,3 млрд теңге қарастыру жоспарлануда», — деді М. Досмұхамбетов.
Оның айтуынша, 185 іс-шара 15 бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, экономикалық даму бағыты бойынша: өнеркәсіп, ауыл және балық шауашылығы, туризм, кәсіпкерлікті дамыту салаларында 8 трлн теңге көлемінде 78 іс-шараны іске асыру қолға алынады. Жалпы құны 728,8 млрд теңгені құрайтын 66 іс-шара тұрғын-үй, су, газ, электрмен жабдықтау және транспорттық инфрақұрылым мен экология мәселерін шешуге бағытталған. Әлеуметтік сала, жұмыспен қамту және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету бағыты бойынша 41 іс-шара енгізіліп отыр, жалпы жоспарланып отырған қаражат 223,8 млрд теңгені құрайды.
«2022 жылға жоспарланған Атырау облысының кешенді жоспарында іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен 98 млрд 900 млн теңге жоспарланып отыр. Осыған байланысты, бекітілген қаражаттан басқа үстіміздегі жылы белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін, республикалық бюджеттен қосымша 67 млрд теңге бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз», — деді облыс әкімі Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қарата айтқан сөзінде.
Кешенді жоспар аясында жоспарланған бюджет қаражаты толықтай бөлінген жағдайда 2025 жылдың соңына қарай келесідей нәтижелерге қол жеткізу күтілуде:
— өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 11% — ға немесе 96 млрд теңгеге дейін ұлғайту;
— шағын және орта бизнесте жұмыс істейтін субъектілер санын 5 мыңға, яғни, 55 мыңға дейін көбейту, жалпы өңірлік өнімдегі бизнестің үлесін 25,2% — ға дейін жеткізу;
— Атырау қаласындағы сарқынды суларды тазартумен қамтуды 90% — ға дейін жеткізу;
— жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 95% — ға дейін арттыру;
— жаңа жобалар бойынша негізгі капиталға қосымша 8,3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда.
«Бұл ретте атап өтетін маңызды мәселе — Кешенді жоспар аясында жасалған инвестициялардан негізгі қайтарым 10-15 жыл ішінде болады, өйткені олар ұзақ мерзімді сипатқа ие», — деді ол.