CaspianLife, 17 қаңтар — Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев қызметінен босатылды. Өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ол қызметінен өкпесіз кеткенін мәлімдеді.
Құрметті Атырау қаласының тұрғындары!
Қадірменді жерлестер!
Өздеріңізге белгілі соңғы болып жатырған жағдайларға байланысты Атырау қаласы әкімі лауазымынан өз еркіммен босату туралы өтініш берген болатынмын. Өтініш қанағаттандырылып, бүгінгі күннен бастап қала әкімі лауазымынан босатылдым.
Осы екі жыл Атырау қаласы әкімдігі ұжымы және қоғаммен қызмет атқару кезінде біраз тәжірибе жинақтап, үйренгенім көп болды.
Әсіресе қарапайым мұқтаж тұрғындардың, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылардың алдыма қойған мәселелерінің шешілуіне қолымнан келгенінше көмек көрсетуге баса назар аудардым.
Елге келген нәубет пандемия да өзінің ауртпашылығын көрсетті. Бұл кезеңде де қала әкімдігі, еріктілер және қоғам жанашыларымен белсене тиісті жұмыстар атқарылды.
Осы екі жыл ішінде қала бюджеті өте төмен болып, жұмысты жолға қоюға айтарлықтай әсер етті. Бұл ретте, осыған дейін жасалған құрылыс нысандары және инфрақұрылым сапасы шынайы сын көтермеді.
Осыған орай, қалалық әкімдіктің ұжымы жоғары деңгейде қызмет етті. Кейде мүмкін емес жұмыстарды да атқарды.
Осы жылдар кезінде, арнайы Азаматтық белсенділердің ашық ұстанымы мен нақты талаптарының айқындылығына және түсініктеріне ерекше алғысымды білдіремін.
Мен бұл қызметтен ауыр жағдайда немесе өкпелі күйде кетуде емеспін.
Атырау — менің сүйікті қалам! Жерлестерімді ерекше ықыласпен сыйлап, әрдайым құрметтеймін.
Барлықтарыңызға жақсылықтар тілей отырып, жарқын күндерде кездескенше, — деп жазды экс-әкім өзінің Meta (Facebook)nәлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Еске сала кетелік, Қайрат Оразбаев Атырау қаласы әкімінің қызметіне 2020 жылғы қаңтарда тағайындалған болатын.
Қазір Атырау қаласы әкімінің міндетін атқару қала әкімінің орынбасары Жұмабек Қаражановқа жүктелді.