CaspianLife, 2 желтоқсан – «Қаражанбас» және «Қаламқас» кен орындарының жұмысшылары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның басшылығынан еңбекақыларын 50%-ға көтеруін талап етуде.
Мынау Маңғыстау облысы АО «Қаражанбасмұнай» деген кен орнында болып жатқан забастовка. 50 пайыз ақша сұрап жатырмыз, айлығын көтеруді. Қазір Ли Тецян деген президентімізді күтіп отырмыз, — дейді жұмысшылар видеода.
Компания орын алған оқиғаны түсіндіре отырып, жұмыс барысына кедергі келмегенін атап өтті.
Қаламқас кен орнының жұмысшыларының көтеріліске шыққаны туралы әлеуметтік желіде таралып жүрген ақпарат шындыққа жанаспайды. 1 желтоқсан күні сағат 07:00 шамасында ауысым кезінде «Oil Services Company» ЖШС, «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ және «Бозашы Транс Құрылыс» мердігер компаниясының жұмысшылары кәмелетке толмаған балаларына вакцина салмау және жалақыларын көбейту туралы талаптарын жеткізді. Дегенмен Қаламқас кен орнындағы өндіріс процесі тоқтаған жоқ, — делінген «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның ресми жауабында.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, өндірістік басқарманың бастығы Сәрсенбай Н және мердігер компаниялардың басшылары мұнайшылармен кездесіп, арыз-тілектерін тыңдаған.
Кездесу соңында мұнайшылар өздері айтқан талаптарға сәйкес арыз толтырды. Бұдан кейін жұмысшылар қызметтеріне оралды. Қазіргі таңда Қаламқас кен орнындағы өндірістік нысандар штаттық режимде жұмыс жасап тұр, — делінген компания таратқан хабарламада.
cr:БАСЕ