CaspianLife, 4 қараша – Түркияның Стамбул қаласында Ататүрік мәдени орталығы ашылды.
Елдің 98 жылдығына орайластырылған іс шараға президент Режеп Тайып Ердоғанның өзі қатысты.Сонымен қатар, алыс-жақын шетелден түрлі лауазымдағы тұлғалар келіп, жаңа мәдениет ошағына оң баға берді. Салтанатты жиынның шымылдығы Стамбул мемлекеттік опера және балет театры «Синан» операсымен ашылды.
Жалпы Ататүрік мәдени орталығында 2040 адамға арналған соңғы үлгедегі техникалық құрылғылармен жабдықталған опера театры, аумағы 16 мың шаршы метрден асатын театр, галерея мен түрлі мәдени бағытта жұмыс істейтін залдар орналасқан.
Барлық залда оркестерге арнайы орын дайындалған. Біз отырған залдың атмосферасы бөлек деуге болады. Өйткені, орындықтардың түсінен бастап перделерге дейін бәрі-бәрі заманға сай. Көздің жауын алады! Өзбекстандағы Форум сарайы мен «Халықтар достығы» концерттік залына ұқсайды деп айта аламын. Мұнда қазір 3000-4000 мың адам бар деп есептесек, үстіңгі қабатта отырғандырды қосқанмен келушілердің саны 5000-ға жуықтайды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс шараға Өзбекстан мен Қазақстаннан келген азаматтар дән риза, -дейді Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің ректоры Шерзодхон Кудратходжаев.
Орталық жұмысының ресми ашылуы Бейоғлы мәдени фестивалімен тұспа-тұс келді. 30 қазанда басталып 14 қарашаға дейін жалғасатын халықаралық фестиваль барысында концерттер, көрмелер мен басқа да іс шаралар өтеді. Қоғамның барлық тобын қамтитын мәдени жұмысқа мыңнан астам әртіс қатыстыру жоспарланған. Ататүрік мәдени орталығындағы балалар шығармашылығына арналған жерде атақты суретшілер оқушылармен кездеседі. Сондай-ақ, он екі суретшінің фестиваль үшін жасаған инсталляциялары Бейоғлы көшелеріне қойылып, көптің назарына ұсынылады.
Мыңнан астам суретшінің басын қосатын Бейоғлы мәдени фестивалінде 40 көрме мен арнайы жоба, 75 концерт, 45 шеберлік сағаты, 20 сұхбат, 15 шоу мен бірнеше спектакль ұйымдастырылады. Осылайша, Стамбул – тарихы, мәдениеті мен өнерін дұрыс насихаттау арқылы туристердің отанына айналған көне шаһар екенін тағы бір мойындатты. Соңғы үлгідегі жаңа орталық елге сырттан келетіндердің санын арттыратыны анық.