CaspianLife, 31 тамыз — Өңірде Covid-19-бен ауырғандар санының азаюына байланысты 1 қыркүйектен бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының барлығы пациенттерді қабылдай бастайды, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев айтты. Оның айтуынша, соңғы он күнде өңірде Covid-19 жұқтырғандар санының азайғандығы байқалады. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бар 126 адам анықталған.
«Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына және коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастар санының өсуіне байланысты 16 тамызда өңірдің барлық емханасын онлайн жұмыс форматына көшіру туралы шешім қабылданды. Дәрігерлер қосымша егу пункттеріне, жылжымалы мобильді бригадаларға, сондай-ақ «қызыл» аймақтарға жұмылдырылды. Емханалардың көптеген қызметкері де қызметтік міндеттерін орындай жүріп covid-19-бен ауырды. 1 қыркүйектен бастап өңірде вирус жұқтырудың төмендеуіне байланысты облыстың барлық емханасы бұрынғы форматта жұмыс істейтін болады, — деді Асхан Байдувалиев.
Айта кетейік, соңғы тәулікте өңірде Covid-19-бен 126 адам ауырып, 643 науқас сауығып, 7 адам коронавирустық инфекциядан қайтыс болды.