CaspianLife, 31 тамыз — Ел президенті Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болған оқиға аясында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкасын қабылдады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында хабарлады.
«Президент Қасым – Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкаға кету туралы өтінішін қарап, оны қабылдады», — делінген хабарламада.
Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймаларындағы жарылыстан кейін Қорғаныс министрі журналистерге отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын айтты. Соңғы мәліметтер бойынша, жарылыс салдарынан 15 адам қайтыс болды.
Ермекбаев Қорғаныс министрі лауазымына 2018 жылы тамызда тағайындалды. Оның министрлік қызметі кезінде Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында оқ-дәрілер жарылған болатын. Жарылыс үш адамның өмірін қиды, эвакуация кезінде де бір бала көз жұмған болатын. Ондаған адам жарақат алып, 40 мыңнан астам қала тұрғыны эвакуацияланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен Нұрлан Ермекбаевтың орнына Мұрат Бектанов Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Қорғаныс министрлігінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы қызметін атқарған болатын.
Мұрат Бектанов 1965 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Киев жоғары жалпы әскери командалық училищесін, Қарулы Күштердің Әскери академиясын және РФ Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген. Әр жылдары десанттық-шабуылдау батальонының барлау бастығы, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесі курсанттары ротасы взводының командирі, басқарма бастығы, жедел басқару бастығы, Республикалық ұлан жауынгерлік қызмет және әскерлерді даярлау департаментінің бастығы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болып жұмыс істеді.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы лауазымына 2019 жылы сәуірде тағайындалды.