CaspianLife, 27 тамыз — Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында шетелдік инвесторлар кеңесіне мүше мұнай-газ компанияларының басшыларымен іскерлік кездесу өткізді.
ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іс-шара барысында еліміздің мұнай-газ секторының инвестициялық тартымдылығын одан әрі дамыту және арттыру жөніндегі шаралар егжей-тегжейлі қаралды. Спикерлер ретінде премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, Eni S.p.A., Royal Dutch Shell, INPEX Corporation, Chevron, Exxon Mobil, CNPC, Total E&P мұнай-газ компанияларының басшылары сөз сөйледі.
Отырысты ашқан ҚР Президенті мұнай-газ саласы еліміздің жалпыұлттық прогресінде әрдайым маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Оның пікірінше, технологиялық өзгерістерге қарамастан, сала ел экономикасының қозғаушы күші болып қала береді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұнайға бай мемлекет бола отырып, қолда бар әлеуетті барынша және тиімді пайдалануға міндетті деп есептейді.
Мемлекет басшысы кеңес пен Үкімет мүшелерінің алдына бірқатар басым міндеттер қойды. Президент елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын кеңейту жөніндегі жобаларды уақтылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Осыған байланысты ол құрылыс жұмыстары жоспардан 20% — ға артта қалған Теңіз кен орнының болашақ кеңейту жобасын іске асыруға қатысты алаңдаушылық білдірді және Үкіметке жоба операторымен бірлесіп, оның аяқталу мерзімінің бұзылуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды», — деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Қашағанды игеру перспективалары туралы айта келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өндіруді тәулігіне 1,1 млн баррельге дейін арттыру жөніндегі жұмыстардың үшінші кезеңін іске асыру жөніндегі пайымға ие болу қажеттігі туралы мәлімдеді.