CaspianLife, 26 тамыз — Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қаратон кентінде балаларға арналған ойын алаңы өртеніп кетті. Ала таңмен басталған өрттің неден пайда болғаны әзірге белгісіз.
Құтқарушылар оқиға орнына жеткенше тілсіз жау ойын алаңындағы ағаштан жасалған кеме мен жерге төселген газонды күлге айналдырды.
«Бүгін 2021 жылдың 25 тамызында сағат 06:00-де Жаңа Қаратон кентінде, «Шапағат» балабақшасы жанында балалар ойын алаңы жанып жатқан жөнінде хабарлама келіп түскен. Қарауылдың жіті жұмыс жүргізуі арқасында, 15 минутта өрт толықтай жойылды. Яғни, 06:35-те өрт толықтай жойылды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебін анықтауға жинақталған құжаттар тергеу үшін аудандық полиция бөліміне жолданды. Ары қарай процесстік шешім қабылдау, аудандық полиция бөлімімен шешіледі», — деді Жылыой аудандық ТЖБ бөлімінің басшысы Нариман Утешов.
Ойын алаңын салу үшін бюджеттен 25 миллион теңге бөлініп, 2019 жылы қолданысқа берілген еді.