CaspianLife, 24 тамыз — «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына сәйкес келесі жылы бюджет кірістері 9,2 триллион теңгені, шығыстар – 15,9 триллион теңгені құрайды, бұл ағымдағы жылғы жоспардан 577 миллиард теңгеге өскен. Бюджет тапшылығын ЖІӨ – ге қатысты 3,3% — дан кезең-кезеңімен төмендету, 2024 жылы 2,5% — ға дейін төмендету болжанып отыр. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде айтты.
Қаржы министрінің айтуынша, бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталған. Оның шығыстар құрылымындағы үлесі 50% — ды құрайды.
«Мәселен, 2022 жылы әлеуметтік салаға сегіз триллион теңге жоспарланып, ағымдағы жылдың бюджетіне қатысты 515 миллиард теңгеге өсу көзделген. Шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеуге және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің артуына, сондай – ақ педагогтер мен дәрігерлер жалақысының ұлғаюына байланысты», — деп нақтылады Жамаубаев.
Экономиканың нақты секторын дамыту үшін 2022 жылға екі триллион теңге қарастырылған. Өңірлерге республикалық бюджеттен 4,5 триллион теңге бөлінеді, бұл жалпы шығыстардың 28,3% — ын құрайды.
Келесі үш жылға арналған республикалық бюджет жобасын Үкімет бекітті. Енді құжат Парламенттің қарауына жіберіледі.