CaspianLife, 16 тамыз — Күні кеше құрма ауға салынған тыйымға қарсылық білдірген атыраулық балықшылар бүгін тағы да жиналды. Өткен жолы өздері айтқандай облыстық әкімдік алдында емес, Дамбы ауылдық округінің ғимаратында.
Вентерьге қарсылық білдіріп жүрген балықшыларға кооператив басшылары «заңға енгізілген өзгерісті алдын ала ескерттік» деп міз бағар емес.
Жиынға қатысқан облыстық балық шаруашылығы басқармасының және Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының өкілдері заңның бір әрпінің де өзгермейтінін шегелеп тұрып тағы бір мәрте нықтады.
Бірақ, мұнымен балықшылар келіспек емес. Күнін балық аулап, кооперативтерге өткізіп көріп отырған олардың айтуынша, вентерь де балық қорын азайтады. Оған қоса, вентерьмен балық аулау үшін судың тереңдігі ең аз дегенде 1 метр болу керек.
«Біріншіден, вентерьді сатып алу үшін қомақты қаражат керек. Оған біздің жағдайымыз жетпейді. Екіншіден, судың деңгейі төмен түсіп кетті. Бұрын құрма ау салып жүрген жерлерге көлікпен жетуге болады. Вентерьмен алу үшін ең аз дегенде судың тереңдігі 1 метр болу қажет. Жақын маңда ондай су жоқ қой», — дейді балықшылар.
Енді балықшылар Балық шаруашылығы қауымдастығының Жайық-Каспий бассейні бойынша жұмыс жасайтын өкілдерімен бірігіп жауапты органдарға шағымданбақ.